АЛМАТИНСКИЙ ТЕХНИКО-ЭКОНОМИЧЕСКИЙ
КОЛЛЕДЖ ПУТЕЙ СООБЩЕНИЯ


+7(727) 376-74-78
    (вн. 555, 586)

        ҚАЗ | РУС
Главная » Новости » 1 курс студенттері арасында «Жігіт сұлтаны» байқауы

1 курс студенттері арасында «Жігіт сұлтаны» байқауы

2019 жылдың  ақпан айында Алматы техника- экономикалық қатынас жолдары  колледжінде 1 курс студенттері арасында «Жігіт сұлтаны» байқауы болып өтті.

      Асыл тастан, өнер жастан  және жігітке жеті өнер де аз деп халқымыз бекер айтпаған. Осы сөздердің мәніне ерекше ден қойған Елбасымыз өткен жылы халыққа жолдаған өз Жолдауында биылғы, яғни 2019 жылды жастар жылы деп жариялады. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының жастардан зор үміт күтуі ғана емес, ел жастарына артқан сенімінің де көрінісі деп білуіміз керек.

      Міне, осы мақсатта жастардың бойында адамгершілік, ізгілік, батылдық, ептілік, имандылық, мәдениеттілік қасиеттерді сіңіру мақсатында әртүрлі тәрбиелік мәні бар кеш, жиын, жарыстар ұйымдастыру орынды деп ойлаймын. 

      Халқымызда жігітке айтылар сын да көп, қойылар талап та жоғары болған. Бүгінгі ХХІ ғасыр білім мен ғылым дамыған заманда жігіттеріміздің үлкен белес асулардан көрінуі елге әкелген бақытпен тең. Жігіттеріміздің батырлығын, ептілігін, білімдерін, ақылдылығын тамашалауға арналған

«Жігіт сұлтаны»  байқауының бағдарламасы бойынша студент жігіттер төмендегідей байқау түрлерінде өз күштері мен білімдерін ортаға салып, әділ-қазылардың әділ бағаларына тәнті болды.

     Сайыстың бірінші кезеңінде «Таныстырсам өзімді» сайысы бойынша әр студент өзін (видео, презентация) арқылы 3 минут ішінде таныстырды. Ал «Жігітке жеті өнер де аз» және «Үй тапсырмасы» деген екі кезеңнен тұратын екінші кезеңінде өз өнерлері мен қолдарымен жасаған  бұйымдарын көрсетті.  «Ескірмейтін есті сөз» атты үшінші кезеңде танымдық сұрақтарға жауап бере отырып, ұлтымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпынан қандай дәрежеде хабарларының барлығын көрсетуге тырысты. Ал төртінші кезеңді «Күш атасын танымас» деп атауында айтылғандай жігіттер білек сыбасып, күштерін сынасты.

      Бұл байқауға төмендегі оқытушылар әділ-қазылар алқасының құрамында болып, жас жігіттердің білімдері мен күштеріне өздерінің әділ бағаларын берді.

  1. Спорт комплекс директоры -Бейсеев Нұрбосын Әбдікапарұлы.
  2. Жанұзақов Бекарыс Ақтаевич- арнайы пәндер оқытушысы.
  3. Жолдасов Нұржан Сахиевич- арнайы пәндер оқытушысы .
  4. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары- Өмірғазынов Айдархан Абайұлы.
  5. Нұрғазы Шыңғыс Әскербекұлы- арнайы пәндер оқытушысы .

      Жалпы, байқау барысында тек жігіттеріміз ғана ортаға шығып, күш сынаспады,  оларға демеу беріп, өзіндік көмектерін беріп жүрген АТУ 1-4 тобының студенттерінің де үлестерін айтпай кетуге болмайды. 

      Сайыс қорытындысы бойынша өзгелерден озық деп танылған бас жүлдеге Суннатов Марат, І орынды Назаров Бағдаулет, ІІ  орынды Орынтаев Асылхан, Идирис Бекболат, ІІІ орынды Қайыржанов Ерасыл, Қабай Қыран иеленді. Жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтай отырып, алдағы уақытта да биік шындардан көріне берулерін тілейміз!

 

 

АТУ 1-4 тобының жетекшісі: Мамырбекова А.А.